Қырғызстанда кейінгі үш жыл бойы қызу талқыланған "БАҚ туралы" даулы заң жобасы қабылданды. 6 тамызда президент Садыр Жапаров жаңа заңға қол қойды.
Шілде айының басында Жапаров мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында заң мәтінімен танысқаннан кейін ғана оған қол қоятынын немесе вето қоятынын айтқан еді. Алайда бір айдан кейін ол халықаралық құқық қорғау ұйымдарының алаңдаушылығына қарамастан, жаңа заңды бекітті.
Жаңа заңдағы міндетті тіркеу және шетелдік үлесті шектеу
"БАҚ туралы" жаңа заң жобасын президент әкімшілігі 2022 жылы ұсынған. Журналистер қауымдастығы оны Қырғызстанның сөз еркіндігі саласындағы жетістіктерін жоятын әрі репрессивті құжат деп бағалады. Мемлекеттік орган жобаға болмашы өзгерістер енгізді, бірақ олар да сынға ұшырады. Жоба парламентке түскен, алайда 2024 жылдың наурызында Жапаровтың бастамасымен президент әкімшілігі оны қайтарып алды. Бұл шешім президент медиа саласы өкілдерімен кездескеннен кейін қабылданған. Сол жолы Жапаров тараптардың мүддесін ескеретін, сапалы әрі дәлелді құжат әзірлеуді ұсынды деп айтылған еді.
Соның нәтижесінде заң жобасының жаңа нұсқасы 2024 жылғы 31 желтоқсанда парламентке түскен. Оны қарау алты айға созылды. Парламент демалысқа шығар алдындағы соңғы жұмыс күні – 2025 жылғы 26 маусымда заң жобасын қабылдады.
Бірақ жобаны әзірлеуге қатысқан журналистер депутаттар қабылдаған заң мәтінінде өздері күтпеген өзгерістер барын, ол түзетулер олардың теңгерімді заң қабылдау жолында тер төгіп, көп уақыт жұмсаған еңбегін еш қылғанын айтты.
Медиа қауымдастығы өкілдері Жапаровты заңға вето қоюға үндеді. Олар парламент мақұлдаған заң жобасында президент әкімшілігі қайтарып алған алғашқы нұсқада болған даулы нормалар қарастырылған деп мәлімдеді.
Мысалы, желіде жарияланатын басылымдарды дәстүрлі БАҚ-пен теңестіру дау туғызып отыр. Заңның 1-бабында бұқаралық ақпарат құралына жататын субъектілер тізімі бар. Олардың қатарында дәстүрлі БАҚ-тан бөлек "желі басылымы" да бар. Бұл ұғымға өте кең мағынада түсініктеме берілген: көпшілікке арналған ақпаратты электронды-цифрлық түрде интернет арқылы телекоммуникациялық желілерде тарататын, тұрақты атауы бар электрон басылымдар.
Журналистер жаңа заң ақпарат агенттіктерінің сайттарын ғана емес, оған қоса блогтарды, YouTube-подкастарды, тіпті Telegram-арналарды да әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге тұруға міндеттеуі мүмкін деп қауіптенеді.
Қазірге дейін қолданылып келген заң бойынша, БАҚ-ты тіркеу ерікті мәселе болса, жаңа заңда ол – міндет деп көрсетілген. Бірақ тіркеу процесі қандай болатыны әзірге белгісіз. Мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу немесе тіркеуге қоюдан бас тарту тәртібін белгілейтін заң актілерін үкімет қабылдайды. Бұл мәселеде барлық құзырды министрлер кабинетіне беруді бұған дейін заңгерлер мен халықаралық ұйымдар сынға алған еді.
Сынға ұшыраған тағы бір бап – шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ тұлғаларға және шетелдік компанияларға медиа ұйымдардың жарғы капиталындағы үлесін 35 пайыздан асырмау туралы талап. Қырғызстанда шетелдік ұйымдар құрған бірнеше БАҚ жұмыс істеп жатыр. Жаңа талапқа сәйкес, олар енді шетелдік БАҚ-тың өкілдігі ретінде тіркеліп, журналистері аккредитациядан өтсе ғана жұмыс істей алады.
Шетелдік басылым өкілдігін ашу үшін сыртқы істер министрлігінің рұқсаты мен мәдениет министрлігінің келісімін алу керек болады. Аккредитациялау тәртібі де үкіметтің құзырында.
Үмітті сейілтіп, күдікті күшейткен құжат
Жаңа заңға сын көп айтылып жатқан шақта Қырғызстан билігін бұл заң елде "тәуелсіз, бәсекеге қабілетті және жауапты БАҚ-тың дамуына жағдай жасауды көздейді" деп мәлімдеді. Билік бұған дей ін қолданыста болған заңда көрсетілмеген бірқатар жаңа нормалар енгізілетінін айтады. Мысалы, жаңа заңда БАҚ өнімін жасау процесіне жеке және заңды тұлғалардың, соның ішінде мемлекеттік органдардың кез келген заңсыз кедергі келтіруіне немесе араласуына тыйым салынған. Цензураға ресми түрде тыйым салынған: заңда мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, ұйымдардың, мекемелердың немесе қоғамдық бірлестіктердің редакцияға жарияланатын материалдарды алдын ала келісу жайлы талап қоюына немесе хабарларды я олардың бір бөлігін таратуға тыйым салуына жол берілмейтіні жазылған.
Алайда Қырғызстанның журналистер қауымдастығы өкілдері жаңа заңдағы кейбір оң өзгерістер бұл құжаттың репрессивті сипатын жоя алмайды деп есептейді. "Чекит медиа" жобасының жетекшісі Әсел Сооронбаева Қырғызстан медиасының болашағы бұлыңғыр болып тұр дейді.
"Талқылау жүріп жатқан кезде президент бұл мәселені қарайтынын айтқан соң көңілге үміт ұялаған еді. Бірақ ол [заңға] қол қойды. Еркін медиалардың көбі абыржып қалды. Олар өздерін тіркеуден өткізбей тастай ма деп қауіптенеді. Әсіресе журналистік этиканы сақтайтын, еркін жұмыс істейтін медиалар алаңдап отыр. Заң бойынша, енді министрлер кабинеті [тіркеу] тәртібін әзірлеуі тиіс. Күтеміз", – деді Сооронбаева.
Жаңа заң Қырғызстанда сөз еркіндігінің ахуалы күрт нашарлап жатқан шақта қабылданып отыр. Биыл халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі рейтингінде Қырғызстан бірден 24 орынға төмендеп, 144-орынға түсті (2024 жылы – 120-орынды тұрған).
Кейінгі жылдары елде журналистердің, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз платформалардың жұмысын шектейтін бірқатар заң қабылданды ("фейктер" туралы заңдардан бастап, шетелдік қаржыландыруды бақылау бастамаларына дейін). Билік жайлы сыни материалдар жариялаған редакциялар мен журналистер тінтуге ұшырап, қудалауға түсті.
Былтыр күзде Temirov LIVE жобасының екі журналисі сот үкімімен түрмеге қамалды. Одан бұрын осы жобаның негізін қалаған журналист Болот Теміровті қырғыз билігі Ресейге депортациялаған. Оның зайыбы, журналист Махабат Тәжібек қызы "жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деген айыппен алты жылға сотталды. Тағы бір әріптесі – бес жылға сотталды, ал екі адам – үш жыл шартты жаза алды. Құқық қорғаушылар мұны "саяси астары бар іс" деп бағалап, "билік журналистерді зерттеу материалдары мен репортаждары үшін жазалады" деп есептейді.
"Жаппай тәртіпсіздікке жария түрде шақырған" деген айып тәуелсіз Kloop басылымының журналистеріне де тағылып отыр. Халықаралық ұйымдар Қырғызстан билігі қылмыстық кодекстегі баптарды сын айтқандарды басып-жаншу және тәуелсіз журналистиканың үнін өшіруге пайдаланып жатыр деп мәлімдеді.
Бір кездері көрші елдермен салыстырғанда еркін ел деп есептелген және Орталық Азиядағы "демократия аралы" деген атауға ие болған Қырғызстан қазір халықаралық рейтингілерде авторитар режимдермен бір қатарда жиі аталады.
ПІКІРЛЕР