ЖАҢАЛЫҚТАР
Назарбаев: Батыс өздігінен дамыған елдерді жөнсіз сөгеді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев батыс елдерін өз бетімен дамыған елдерді "авторитарлық, диктаторлық мемлекет" деп сөге беретінін айтты.
Астанада "Нұр Отан" партиясының 16- съезінде сөйлеген Назарбаев "Батыс елдері өздігінен дамып, көркейген елдерді авторитарлық, диктаторлық мемлекет деп сөге береді. Кезінде Ли Куан Ю де Сингпурды 30 жылдан астам уақыт басқарғанында да осындай әңгімелер айтылған. Оңтүстік Корея, Жапония сияқты батыстың қолдауымен дамыған елдерге ондай сын айтылмайды" деді Назарбаев.
Президент бұған қоса мемлекеттің дамығанын "халықтың әл-ауқатының жақсарғанынан" байқауға болатынын да айтты.
Басқа да жаңалықтар
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты: блогер мен тәуелсіз журналист өздерін сотқа кіргізбегенін айтты

Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында елдегі алғашқы атом станциясы құрылыс жобасы ашылып жатқан тұста Алматыда атом станциясын салуға қарсы шыққан бес белсендінің соты жалғасып жатыр.
Блогер Абзал Достияровтың сөзінше, бір күн бұрын белсенділердің сотынан судья өзін және тәуелсіз журналист Қойшыбек Мүбәракті “еш түсіндірместен шығарып жіберген”. Бұған дейін оларға “ақпарат таратып, сотқа қысым жасап жатсыңдар” деп айтқан. Мемлекеттік БАҚ өкілдері сотқа еркін кіріп жатқанын айтқан блогер мұны “ақпарат құралдарын алалау” деп атады.
Блогер жариялаған видеода сот инспекторы “ақпарат құралын алалау” дегенмен келіспейді, бірақ нақты себебін түсіндірмейді. Бейсенбі күнгі сотқа қатысқан мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи оларға бұл бойынша прокуратураға жүгіну керектігін айтқан.
8 тамызда Азаттық Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне хабарласты. Баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Гүлжанат Әзімбаева “Ол ашық сот. Бәрін тізіммен кіргізді. Істі қарап жатқан Алмалы аудандық соты, сол сотқа өздеріңіз сұрау жіберіңіздер” деді. Азаттық ресми сауал әзірлеп жатыр.
Айдар Мүбәраков, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев былтыр АЭС референдумы қарсаңында ұсталған. Оларға "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.
Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.
Марат Жыланбаевты қолдаған тағы бір адам сотқа тартылды

Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиева 10 тәулікке қамалды. “Белсенділер экстремист емес” тобының мәліметінше, белсендіге “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы (488-бап, 6-бөлік) бойынша айып тағылған.
Сот шешімінде Бибігүл Иманғалиева биыл 7 сәуірде Ақмола облысы Степногорскідегі түрме маңында “ бір топ адаммен бірге Марат Жыланбаевты қолдап, рұқсат етілмеген” митингіге қатысқаны жазылған.
Сот кезінде Иманғалиева өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол “заң бұзбағанын, ешкімге зиян тигізбегенін” айтқан.
Бибігүл Иманғалиева 6 тамызда Жыланбаевтың жағдайына қатысты Алматыда өткен баспасөз конференциясында спикер болған. Қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді бұған дейін талай рет әкімшілік жазаға тартылған.
Бұған дейін Алматы әкімшілік соты түрмедегі оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қаққан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салған. Құқық қорғаушы өзіне тағылған айыптарға келіспеген.
Оның алдында Көкшетауда Жыланбаевтың видеосын талап еткен белсенді Назгүл Жүсіпова 10 күнге қамалған. Әкімшілік сот оны “полиция талабына бағынбау” бабы бойынша кінәлі деп таныған. Сот қаулысында белсендінің 28 шілдеде Ақмола облыстық полиция департаменті ғимаратында полиция қызметкерінің “намысына тиетін сөз айтып”, “өзін дөрекі ұстағаны” жазылған. Сотта белсенді тағылған айыптармен келіспеген.
БАҚ: ҰҚК шекара қызметінің экс-төрағасы Ділманов бостандыққа шықты

2023 жылы "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылған ҰҚК шекара қызметінің экс-төрағасы Дархан Ділманов бостандыққа шықты. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар дереккөзге сүйенген "Курсив" жазды. Онда басқа мәлімет айтылмайды.
2023 жылы желтоқсанда Алматы гарнизоны әскери соты ҰҚҚ төрағасының экс-орынбасары, шекара қызметінің директоры болған Дархан Ділмановты "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен кінәлі деп танып, төрт жыл түрмеге кескен. Сол кезде Ділмановтің дүние-мүлкі тәркіленіп, генерал-лейтенант әскери атағынан айырылатыны хабарланған. Оған мемлекеттік қызметте істеуге де тыйым салынды.
Ол 2022 жылғы маусымда қамауға алынған. Қылмыстық іске қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттеріндегі заңсыз схема түрткі болған.
Бұл істе бірқатар адамға үкім шықты. Бірі бес жылға сотталды, екінші адамға 38 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған айыпталушылар үш жыл алты айдан бес жыл алты айға дейін бас бостандығын шектеу жазасын алды, бірақ олардың мүлкі тәркіленбеді.
Ділманов 2022 жылы сәуірде ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры қызметінен босатылған еді. Ол 1998 жылдан бері ҰҚК шекара қызметіне жұмыс істеп, 2015 жылы маусымда шекара қызметіне директор болып тағайындалған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде контрабанда мен жемқорлық мәселесіне назар аударып, оны жоюды тапсырды. Осыдан соң елде Қытаймен шекарадағы кедендерге қатысты тексеріс басталған.
Қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде жүк көліктері жиі кедергіге тап болып, апталап кезекте тұрып қалады. Саудагерлер де кеденнен өту қиын екенін жиі айтатын.
Ресми Астана қазақ-қытай шекарасында жемқорлықтың салдарынан кеден алымдарынан ондаған миллиард доллар бюджетке түспей қалған деп күдіктенеді.
Трамп Зеленскиймен келіссөз жүргізу жөнінде Путинге шарт қоймағанын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі, 7 тамызда өзімен кездесу үшін Ресей президенті Владимир Путиннің Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізуге міндетті емес екенін мәлімдеді.
Журналистердің тиісті сұрағына жауап берген Трамп Ресей президенті Украина басшысымен кездескісі келмесе де, Путинмен кездесетінін айтты.
Бұған дейін Ақ үйдегі дереккөзге сүйенген New York Post егер Ресей президенті Украина басшысымен келіссөзге келіссе ғана Трамп Путинмен кездесетінін айтқан. "Бұл кездесу өтуі үшін Путин Зеленскиймен де кездесуі керек" деді дереккөз.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 7 тамызда журналистерге Мәскеу мен Вашингтон алдағы күндері жоғары деңгейдегі кездесу өткізу жөнінде келіскенін және қазір саммитке дайындық жүріп жатқанын хабарлаған. Мұндай кездесу өтетіні 6 тамызда Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф Кремльде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескеннен кейін айтыла бастаған.
Қытайда жоғалған күйеуін табуға көмектесуді сұраған әйелге айыппұл салынды

Қытайда жоғалған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризат Алматы соты өзіне айыппұл салғанын хабарлады. Бір күн бұрын Гүлдәрия Шеризат бала-шағасымен әкімдік алдына барып, әкімнің шығуын талап етіп, күйеуін тауып беруге көмектесулерін сұраған. Бірақ айтуынша, оны полиция ұстап алып, бірнеше сағат полицияда ұстаған.
“Айыппұл төлейтіндей жағдайым жоқ, жолдасымды іздеймін бе, әлде айыппұлға ақша іздеймін бе? Оданша қанша тәулік болса да жатып, соны өтеп кетейін” десем “кәмелет жасқа толмаған балаңыз бар екен” дейді” деді ол 7 тамызда Азаттыққа.
Сот 6 тамызда онлайн өтіп, судья Алдабек оны “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы (488-бап, 7-бөлік) бойынша кінәлі деп таныған.
Сот шешімінде Шеризаттың “Тәуелсіздік монументі алдында жолдасының суреттерін ұстап алып, рұқсатсыз шеру, пикет ұйымдастырғаны, осылайша бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны” жазылған. Сотта Шеризат тағылған айыпты мойындаған.
Оның Азаттыққа жіберген видеосында Шеризат пен балаларының әкімдік алдында Әлімнұр Тұрғанбайдың суретін ұстап тұрғаны көрінеді. Полиция және әкімдік өкілдеріне ұқсайтын азаматтық киім киген бірнеше адамның оған бұл шара "заңға қайшы екенін" айтып жатқаны көрінеді. Ал наразылар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен қайран жоғын, енді амалсыздан әкімдікке келгендерін айтады. Полиция оларды сол жерден ұстап әкетеді.
Қытайда туып, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Шыңжаңға кеткелі бері одан хабар-ошар жоқ. Қасында болған адамдар әйеліне "Қытай шекарасынан оны полиция ұстап әкетті" деп айтқан. Қазақстан мен Қытайдың ресми орындарына сұрау салған туыстары әзірге мардымды жауап алған жоқ.
Азаттық Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайда ұсталып, қамалды деген ақпараттың анық-қанығын сұрап Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне ресми сауал жолдаған.
"Аталған азаматқа қатысты мәселе Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бақылауында. Қытай тарабына тиісті сауал жіберілді. Ресми жауап түскен жағдайда ол туыстарына дереу жеткізіледі. Консулдық қызмет олармен тұрақты байланыста", – деп жазды Қазақстан СІМ 4 тамызда Азаттыққа жіберген жауабында.
Әлімнұр Тұрғанбайдың отбасы 1 тамыз күні Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен хат алған. Онда елшілік биыл шілде айында Қытайға автокөлікпен шығып, содан хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың тағдырына алаңдап отырғанын айтып, оның қайда екенін анықтауға көмектесуді сұрап, Қытайдың сыртқы істер министрлігіне, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағы мен Іле Қазақ автономиялық облысының билік орындарына ресми хат жолдағанын хабарлаған.
Қытай Шыңжаң өлкесінде тұратын түркітілдес мұсылмандарды жаппай "лагерьлерге" қамап жатқаны алғаш рет 2017 жылы айтыла бастады. Кейін БҰҰ әлгі лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деді. Осыдан соң халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қытай билігінің аз ұлттарға қарсы жүргізіп жатқан саясатын "геноцид" деп атап, айыптады, санкция да жариялады. Алайда ресми Пекин мұны жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатты "экстремизммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған.
Ресми Астана Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл "Қытайдың ішкі ісі" деп, мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартып келеді. Дегенмен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі олардың арыз-шағымын қабылдап, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хат, сұраныс жолдайды. Туыстарымен байланысуға көмектесеміз, жағдайды назарда ұстап отырмыз деп жауап береді.
Берденовтің сотында куәгерлер жауап берді

Шымкентте әкімнің орынбасарына жасалған “қастандық ісі” бойынша сотта куәгерлер жауап берді. Берденовтің жүргізушісі Мейрамбек Калымбетов пен оқиғаны видеоға түсірген екі қыз бала сұралған. Бұл жөнінде “Курсив” жазды.
“Әкімдіктен 2-3 адам шыға бастаған кезде оқ атылды. Мен бірден полицияға хабарласып айттым. Соны айтамын дегенше тағы 3-4 рет оқ атылды. Осы кезде костюм киген ер адам (Берденов – ред.) жүгірді. Ал ана адам (Жиембай) оны қуды” деді куәгерлердің бірі Арайлым Қамытбек.
Дәл осы кезде Берденовтің жүргізушісі оны тұрақта күтіп тұрған. Оқ атылған кезде ол не істерін білмей қалған. Сотта Қалымбетов қай жақтан оқ атылып жатқанын білмегенін мойындады.
“Өз-өзіме келген кезде мына адамның (Жиембай) көліктің сол жағында тұрып, оқ атып жатқанын көрдім. Машина өзінен өзі сырғып кетіп барады, жолдың жиегіне тіреліп тоқтады. Көліктен шыққан кезде олар соғысып жатты. Көлікке қайта отырып, айналып, Жиембайды қақтым. Ол Руслан Арысбекұлын өлтіріп қоя ма деп қорықтым. Соққыдан кейін ол құлап, артқа қарай жүгіріп кетті. Біз жағаласып қалдық” деді Қалымбетов.
Екі қыз бен жүргізуші Берденовтің галстугымен қанды тоқтатуға тырысқан. Айтуларынша, ол кезде Берденов асфальтта дұға оқып жатты.
Бұл іс бойынша сот 6 тамызда Шымкентте басталған. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған. Ол Берденовті өлтіруге оқталғанын жоққа шығарады.
Сәрсенбі күні Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген.
Ізінше Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған. "Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім" деп жазды Берденов желідегі парақшасында.
Ол денсаулығына байланысты сотқа бара алмағанын айтты.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
16 жастағы Дастан Сәтпаев алматылық "Қайратқа" чемпиондар лигасында жеңіс әперді

Алматылық "Қайрат" командасының 16 жастағы футболшысы Дастан Сәтпаев чемпиондар лигасында кезекті голын соқты. Словакиялық "Слован" командасына қарсы матчта оның соққан голы командаға жеңіс әперген, ойындағы жалғыз соққы болды.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде алматылық "Қайрат" Орталық стадионында Братиславадан келген "Слован" командасымен ойнады. Ойыншылар допқа қатты таласқанмен қақпаға соққы жасау жағынан талпыныстары нәтижелі болған жоқ.
Екінші таймда дөрекі ойнағаны үшін Словакия құрамасының футболшысы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Сан жағынан басымдыққа ие болған алматылықтар шабуылды үдетіп, бірінде пенальти соғу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Алматылық командада тәжірибелі футболшылардың барына қарамастан пенальти соғу 16 жастағы Дастан Сәтпаевқа сеніп тапсырылды. Ол қарсылас жақтың қақпасына гол соқты. Осылайша матч 1 : 0 есебімен аяқталды, "Қайрат" ұтты.
Қосымша берілген уақытта Дастан Сәтпаев командасындағы Рикардиньоға доп беріп, ол қақпаға гол соқты, алайда видеоны қайталап көрген төреші голды есептемеді.
Қарымта матч 12 тамызда Братиславада өтеді.
Дастан Сәтпаев өзінің дебюттік матчында гол соғып, турнир тарихындағы ең жас гол иелерінің қатарына енген.
"Слованға" салынған гол – Сәтпаевтың чемпиондар лигасындағы үшінші соққысы.
Путиннің көмекшісі Ресей және АҚШ президенттері алдағы күндері кездесетінін растады

Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу мен Вашингтон алдағы күндері "жоғары деңгейдегі кездесу өткізуге" келіскенін мәлімдеді. Қазір саммитке дайындық жүріп жатыр, орны таңдалған деді ол.
Путин мен Трамптың кездесуі мүмкін екені АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге сапарынан кейін айтыла бастады. Америка ақпарат құралдары дереккөздерге сүйене отырып, кездесу келесі аптада өтуі мүмкін екенін жазған.
Ушаковтың сөзінше, саммитті өткізуді Америка жағы ұсынған. Ал Америка дереккөздері бұған лейін Путин мен Трамптың кездесуін Кремльдің өзі ұсынғанын жазған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бейсенбі күні Fox News арнасына саммит алдында Вашингтон мен Мәскеу "позицияларын толық пысықтап алуы керек" деді.
Ушаковтың сөзінше, Мәскеу әзірге үшжақты кездесуге – Путин – Трамп – Зеленский кездесуіне дайындалып жатпағанын айтты.
"Бұл нұсқа нақты талқыланған жоқ. Ресей жағы бұған түсініктеме бермеді" деді дипломат.
"Просто журналистика" YouTube-арнасы қалпына келтірілді

"Просто журналистика" YouTube-арнасы қалпына келтірілді деп хабарлады арна авторлары тәуелсіз журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров әлеуметтік желіде.
"Ұзақ үзілістен кейін біздің арнамыз ашылды. Арнамызды қайтарып алдық" деді желіде жарияланған видеода журналист Рауль Упоров.
Лұқпан Ахмедияровтың "Власть" басылымына айтуынша, 6 тамызда олар YouТube-тан арна қалпына келтірілгені жөнінде хат алған.
Шілде ортасында арна авторлары арнаға кибершабуыл жасалғаннан кейін "Просто журналистика" өшірілгенін хабарлаған еді. Журналистердің сөзінше, әлдекімдер арна қолданған Youtube-тің тегін музыкаларына авторлық құқықты өздеріне рәсімдеп, арнаға қарсы шағым жазған. Осылайша Youtube әкімшілігі арнаны өшірген.
«Бір қызығы «музыканың авторымыз-мыс» дегендер осыдан кейін Youtube-тан кеткен» деді журналист.
Ахмедияровтың сөзінше, журналистер шешімді апелляцияға берген, оларды Access Now ұйымы, "Шекарасыз тілшілер", "Журналистерді қорғау комитеті" қолдаған.
"YouTube бізге егер он күн ішінде бізге шағым түсіргендер арыз бермесе, дәлел жібермесе немесе сотқа шағымданбаса, арнаны қалпына келтіретінін айтып, хат жолдады. Он күн өтті, арнамызға қосылуға мүмкіндік берді" деді Ахмедияров.
«Просто журналистика» – журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың коммерциялық емес жобасы. Ол өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайды. Бұған дейін арна Қанды Қаңтар, жемқорлық, Украина, белсенділердің қудалануы және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді айтып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзі де бұған дейін талай рет әкімшілік-қылмыстық қудалауға ұшыраған. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.
Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.
Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинаға барып, соғыс қасіретін тартып жатқан халықтың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, бір сәтте бейбіт өмірі тас-талқан болған қарапайым адамдардың өмір тынысы жайлы тізбекті хабарлар дайындап, қазақстандық көрерменге жеткізген.
Олар бірігіп Қанды Қаңтар туралы екі бөлімнен тұратын деректі фильм шығарған. Ахмедияровтың айтуынша, фильм жеке адамдардың қаржысына екі жыл бойы Қазақстанның 12 қаласында түсірілген.
2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер оны травматикалық қарудан екі рет атып, кеуде тұсынан 8 рет пышақ салған. Подъезге жасырынып үлгерген журналист жылдам көмекке келген адамдардың арқасында аман қалған.
Ахмедияров кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың, соның ішінде халықаралық жүлденің иегері атанған.
Тәжікстан ЕАЭО-ға қосылу мәселесін әлі талқылап жатыр

Тәжікстан экономикалық даму және сауда министрі Завки Завкизода Тәжікстанның Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) қосылу мәселесін ведомствоаралық жұмыс тобы қарап жатыр деп мәлімдеді. Оның сөзін "Азия-Плюс" телеграм-арнасы келтірді.
"Жұмыс тобы ғаламдық экономиканың ахуалын, әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және өзге де сыртқы факторларды ескере отырып жағдайды жан-жақты талдап жатыр. Бұған қоса, одақ елдеріне ұқсас елдердің тәжірибесіне де сүйенеді, кейін қорытындысын таныстырады" деді Завки Завкизода.
Завкизоданың сөзінше, қазіргі кезде жұмыс тобы әлі ешқандай қорытынды жасамаған.
Ол осыған ұқсас мәлімдемені 2021 жылы да жасаған. Ол кезде "ЕАЭО - едәуір жас бірлестік және кез келген ел қандай да бір одаққа кірмес бұрын артықшылықтары мен кемшіліктерін бағамдайды" деп айтқан.
Бұған дейін Ресей әртүрлі мінберлерде Тәжікстанның ЕАЭО-ға қосылуға ниетті екенін мәлімдеген. Тәжікстан билігі Ресейдің үндеулерінен ашық бас тартқан жоқ, тек жалтарма жауап берумен келеді.
Еуразия экономика одағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде жұмыс істей бастады. Оған Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения мен Қырғызстан мүше. Одақ құжаттарына сәйкес, ЕАЭО аймағында тауар қозғалысы, сонымен бірге қызмет көрсету, капитал, жұмыс күші еркін айналуы керек. Тараптар бір-бірімен ақылдаса отырып бірыңғай саясат жүргізуі керек. Алайда оған мүше кейбір елдердің ресми өкілдері ЕАЭО кеңістігінде тауар мен қызмет көрсету бойынша бәсекелестік шарттары тең емес екендігіне шағымданады.
Шымкент әкімінің орынбасары сотталушының мәлімдемелеріне "жауап берді"

Сәуір айында “қастандық жасалған” Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов Facebook-та жазба жариялап, 6 тамызда процесс кезінде сотталушы айтқан тұжырымдарды жоққа шығарды.
Сотталушы Ернар Жиембай бір күн бұрын сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген. Бұған қоса, Жиембайдың сөзінше, Берденов оған “Шымкент әкімі мені киллер ретінде жалдады деп айтсаң кешіремін” деген.
Берденов желідегі жазбасында мұның бәрін жоққа шығарды, бірақ Жиембаймен жанжал болғанын растаған.
“Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын” деп жазды.
Берденов қала әкіміне қатысты тұстарды да жоққа шығарды.
“Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын” деп жазды Берденов.
Бір күн бұрын Шымкентте әкімнің орынбасары "Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі" бойынша негізгі сот басталған. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған.
Сот процесі барысында Ернар Жиембай шенеунікке оқ ату себебін түсіндірген еді.
"Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. "Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат" деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды" деді Ернар Жиембай сотта.
Жиембай сонымен бірге сотта Руслан Берденов өзін кешіретінін, бірақ ол үшін шарт қойғанын айтқан.
"Егер мен сотта әкім Ғабит Сыздықбеков (қазіргі Шымкент әкімі) мені киллер ретінде жалдады деп айтсам, Берденов мені кешіретінін айтты" деді Жиембай.
Сот талабына қарамастан Берденовтің сөзі сот отырысына қатыспады. Оның өкілдері шенеуніктің емделіп жатқанын айтқан.
Бұған дейін прокурор “күдікті өзінің жұмыстан айырылатынын білгеннен кейін “кек алу” мақсатында оқ атты” деп айтқан еді.
Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған "Адам өлтіруге оқталу" бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
Трамп Путинмен "келесі аптада кездесуге дайын"

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленскиймен "кездесуге ашық".
"Ресейліктер президент Трамппен кездесуге ниет білдірді және президент Путинмен де, Зеленскиймен де кездесуге ашық" деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Ливитт.
Fox News тілшісі Питер Дусидің сөзінше, Путин Кремльде болған АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткоффқа Трамппен кездескісі келетінін айтқан, Уиткофф мұны АҚШ президентіне жеткізген.
Трамптың өзі Ақ үйдегі брифинг кезінде "кездесу жақында өтуі әбден мүмкін" деді. Ол Украинадағы соғыс қалай аяқталуы мүмкін деген сұраққа нақты жауап бермеді. Трамптың сөзінше, Ресей мұнайын сатып алатын Үндістан мен өзге елдерге қарсы жанама санкция салынуы мүмкін. Арасында Қытай да бар.
"Менің арнайы уәкілім Стив Уиткофф қазір ғана Ресей президенті Владимир Путинмен өнімді кездесу өткізіп келді. Едәуір ілгерілеушілік бар. Осыдан кейін мен Еуропадағы кейбір әріптестеріме хабар бердім. Барлығы соғыс аяқталғанын қалайды және алдағы күндері мен апталарда соған күш саламыз" деп жазды Трамп сәрсенбі күні Truth Social желісінде.
Азаттықтың еуропалық дипломаттар арасындағы дереккөз "Трамп пен Путиннің кездесуіне дайындық жүріп жатқан сияқты" деді. Дереккөздерге сүйенген NYT та мұндай кездесу "келесі аптада өтуі мүмкін" деп жазды.
Трамп пен Путиннің кездесу орны әзірге белгісіз. Олар Катар немесе Швейцарияда кездесуі мүмкін. CNN дереккөздері екі басшының саммитін қысқа уақыт аралығында ұйымдастыру салу оңай емес деп санайды.
AFP-дің жазуынша, Путин мен Уиткоффтың кездесуіне арналған әңгімеге Трамп пен Зеленскийден бөлек НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Германия канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Финляндия президенті Александр Стубб қатысқан.
Bild дереккөздерінің мәліметінше, Трамп Путин мен Уиткоффтың келіссөзін "күткеннен де әлдеқайда өнімді болды" деп бағалаған.
NYT жазуынша, Путинмен кездесуден кейін Трамп Путин және Зеленский қатысатын үшжақты кездесуді де өткізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесуге Еуропа елдерінің басшылары қатыспайды деді басылым дереккөзі. НАТО және Украина өкілдері бұл мәліметті растаудан бас тартқан.
Халықаралық құқық қорғаушылар Төреғожинаға шыққан шешімді айыптады

Штаб-пәтері Дублинде орналасқан ирландиялық Front Line Defenders құқық қорғау ұйымы белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығы туралы жазба жариялап, дабыл қаққаннан кейін әкімшілік жазаға тартылған құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға шыққан сот шешімін айыптап, Қазақстан билігін шешімнің күшін жоюға шақырды. Құқық қорғау ұйымының мәлімдемесі 5 тамызда жарияланды.
"Әлеуметтік желіде пікір айту еркіндігін пайдаланғаны үшін құқық қорғаушыларды бұлыңғыр жазылған заңды пайдалана отырып жазалау іс жүзінде цензурамен пара-пар және Қазақстандағы азаматтық кеңістікке теріс әсері етеді. Мұндай әрекеттер адам құқығы туралы тәуелсіз ақпаратқа қолжетімділікті шектейді және елдегі пікір айту еркіндігіне нұқсан келтіреді" деп жазылған ұйымның мақаласында.
Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Бақытжан Төреғожинаны сотпен қудалауды дереу тоқтатып, оған шыққан сот шешімінің күшін жоюға шақырған.
БҰҰ-ның құқық қорғаушылардың мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы Мэри Лоулор да Facebook желісінде жағдайға алаңдаушылық білдірді.
"Бұл – адам құқығы қорғау қызметі үшін кек алу" деп жазды Мэри Лоулор.
Өткен аптада "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны Алматы әкімшілік соты "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп танып, 78 мың теңге (шамамен 144 доллар) айыппұл салған. Құқық қорғаушы өзіне тағылған айыптарға келіспеген.
Әкімшілік іске құқық қорғаушының түрмеде аштық жариялаған саяси белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы жақында әлеуметтік желіде жазған посты себеп болған. Ол жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған.
Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
"Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен үнемі байланыстамыз. Сондықтан оның "халі ауыр", ол "45 кг болып, талып қалуға шақ қалыпты" деген сөздердің ешқандай объективті негізі жоқ және олар дәлелденбеген. Азаматтың, әсіресе жазасын өтеп жатқан адамның денсаулығына қатысты хайп жасау құқықтық тұрғыдан дұрыс емес, ал М.Жыланбаевтың туыстары мен жақындарының алдында адамдыққа жатпайтын әрекет деп санаймын" деді Ластаев.
29 шілдеде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге олар жазасын өтеушінің жағдайымен танысып, өзімен сөйлескен.
Сот кезінде қорғау жағы әкімшілік істі қозғауға түрткі болған хаттама дұрыс толтырылмағанын, материалдар болжамға негізделгендіктен сотта дәлел ретінде қолданылмауға тиіс екенін айтты.
Ал рапортты толтырған Алмалы аудандық полициясының учаскелік инспекторы Мұхит Тойбаев сот кезінде Төреғожинаның жазбасы “фактіге негізделмегенін”, “қылмыстық-атқару жүйесінің беделіне нұқсан” келтіретінін айтты.
Төреғожина өтініш беріп, Марат Жыланбаевтың өзін сот процесіне қатыстыруды, осылайша белсендіге барлық сұраққа өзі жауап беру мүмкіндігін беруді сұраған. Бірақ судья өтінішті қанағаттандырмады.
Құқық қорғаушы шешімді апелляцияға беретінін айтқан.
Павлодар облысында "Богатырь Көмір" карьерінде бір жұмысшы қаза болды

Павлодар облысында "Богатырь Көмір" карьерінде бір жұмысшы қаза болды. Orda-ның жазуынша, оқиға 5 тамызда болған.
Компанияның хабарлауынша, 5 тамызда тартушы агрегат жүргізушісін тоқ соғып, қаза болған. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі барғанға дейін ер адам сол жерде жан тапсырған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің дерегінше, қаза болған адам 42 жаста. Оқиғаны арнайы комиссия тергеп жатқаны хабарланды. Сот-медицина сараптамасы тағайындалған.
Кәсіпорын өкілдері марқұмның отбасына барлық көмекті беруге уәде берген.
Бірнеше күн бұрын ғана осы карьерде 32 жастағы электр слесары өндіріс кезінде ауыр жарақаттанғанын жергілікті БАҚ жазған. Ол биіктен құлаған. Мемлекеттік инспекция комитеті тексеріс бастағанын хабарлаған.
"Богатырь Көмір" кәсіпорнының әлеуметтік есебіне сәйкес, кейінгі үш жылда кәсіпорында өндіріс кезінде кемінде алты адам қаза болған.
"Богатырь Көмір" – қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ресейлік «РусАл» компанияларының біріккен кәсіпорны. 2002 жылы компания Қазақстан үкіметімен «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің құрамындағы Екібастұз көмір кен орнын 45 жыл игеру туралы келісім-шартқа отырған. Компания үлесіне Екібастұз көмір алабында өндірілетін көмірдің барлық көлемінің 70%-ы тиеді.
Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған "қастандық ісі": сотталушы жауап берді

Шымкентте әкімнің орынбасары "Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі" бойынша негізгі сот басталды. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, сот процесі барысында Ернар Жиембай шенеунікке оқ ату себебін түсіндірген.
"Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. "Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат" деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды" деді Ернар Жиембай сотта.
Ол сотта Берденовтің жұмыста өте дөрекі сөйлеп, намысына тиетінін айтқан.
ҚазТАГ-тың жазуынша, Жиембай сонымен бірге сотта Руслан Берденов өзін кешіретінін, бірақ ол үшін шарт қойғанын айтқан.
"Егер мен сотта әкім Ғабит Сыздықбеков (қазіргі Шымкент әкімі) мені киллер ретінде жалдады деп айтсам, Берденов мені кешіретінін айтты" деді Жиембай.
Сот талабына қарамастан Берденовтің сөзі сот отырысына қатыспады. Оның өкілдері шенеуніктің емделіп жатқанын айтқан.
Сотта Берденовтің мүддесін қорғаушылар Жиембайдың сөзіне қатысты не деп жауап бергені әзірге белгісіз.
Бұған дейін прокурор “күдікті өзінің жұмыстан айырылатынын білгеннен кейін “кек алу” мақсатында оқ атты” деп айтқан еді.
Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған "Адам өлтіруге оқталу" бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
ПІКІРЛЕР