16 жастағы Дастан Сәтпаев алматылық "Қайратқа" чемпиондар лигасында жеңіс әперді

"Слован" командасының қақпасына гол соққаннан кейінгі сәт. Дастан Сәтпаев (сол жақта). "Қайрат" футбол клубының парақшасы. 6 тамыз 2025 жыл.

Алматылық "Қайрат" командасының 16 жастағы футболшысы Дастан Сәтпаев чемпиондар лигасында кезекті голын соқты. Словакиялық "Слован" командасына қарсы матчта оның соққан голы командаға жеңіс әперген, ойындағы жалғыз соққы болды.

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде алматылық "Қайрат" Орталық стадионында Братиславадан келген "Слован" командасымен ойнады. Ойыншылар допқа қатты таласқанмен қақпаға соққы жасау жағынан талпыныстары нәтижелі болған жоқ.

Екінші таймда дөрекі ойнағаны үшін Словакия құрамасының футболшысы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Сан жағынан басымдыққа ие болған алматылықтар шабуылды үдетіп, бірінде пенальти соғу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Алматылық командада тәжірибелі футболшылардың барына қарамастан пенальти соғу 16 жастағы Дастан Сәтпаевқа сеніп тапсырылды. Ол қарсылас жақтың қақпасына гол соқты. Осылайша матч 1 : 0 есебімен аяқталды, "Қайрат" ұтты.

Қосымша берілген уақытта Дастан Сәтпаев командасындағы Рикардиньоға доп беріп, ол қақпаға гол соқты, алайда видеоны қайталап көрген төреші голды есептемеді.

Қарымта матч 12 тамызда Братиславада өтеді.

Дастан Сәтпаев өзінің дебюттік матчында гол соғып, турнир тарихындағы ең жас гол иелерінің қатарына енген.

"Слованға" салынған гол – Сәтпаевтың чемпиондар лигасындағы үшінші соққысы.