Украинадағы соғысқа қатысқан Атырау тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды

Атырау №2 қалалық соты. Көрнекі сурет.

Атырау тұрғыны Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды деп жазды Halyqstan телеграм-арнасы. Атырау қаласының №2 қалалық соты оны "Шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны" үшін (172-бап) кінәлі деп таныған.

Қазақстан қылмыстық кодексінде бұл бап бойынша 5-9 жыл аралығында түрме жазасы қарастырылған. Тергеу органдарының мәліметіне сүйенген телеграм-арна оның Ресейде жұмыс істеп жүріп, Ресей қорғаныс министрлігімен шарт жасасқанын, соғысқа барып, ол жақта жарақаттанғанын жазды. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген.

"Ақжайық" басылымы да бейресми дереккөзге сүйене отырып, Атырауда Украинадағы соғысқа қатысқан тұрғын ұсталғанын жазған. Басылым 25 сәуірде Атырау облысының прокуратурасына ресми сауал жібергенмен сауал кейін ҰҚК-ның жергілікті департаментіне бағытталған. Бірақ жауап келмеген.

Облыстық соттың баспасөз қызметі де жауап бермеген. Азаттық та сенбі күні Атырау сотынан жауап ала алмады.

Қазақстан заңы өз азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады.

Екі апта бұрын украиналық "Хочу жить" жобасы 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялаған еді. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661 қазақстандық болған. Ұйымның хабарлауынша, осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Бұған дейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімді әуелі "тексеру қажеттігін" айтқан еді.

Кейбір ақпарат құралдары бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.

Осыған дейін Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.