2023 жылы "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылған ҰҚК шекара қызметінің экс-төрағасы Дархан Ділманов бостандыққа шықты. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар дереккөзге сүйенген "Курсив" жазды. Онда басқа мәлімет айтылмайды.
2023 жылы желтоқсанда Алматы гарнизоны әскери соты ҰҚҚ төрағасының экс-орынбасары, шекара қызметінің директоры болған Дархан Ділмановты "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен кінәлі деп танып, төрт жыл түрмеге кескен. Сол кезде Ділмановтің дүние-мүлкі тәркіленіп, генерал-лейтенант әскери атағынан айырылатыны хабарланған. Оған мемлекеттік қызметте істеуге де тыйым салынды.
Ол 2022 жылғы маусымда қамауға алынған. Қылмыстық іске қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттеріндегі заңсыз схема түрткі болған.
Бұл істе бірқатар адамға үкім шықты. Бірі бес жылға сотталды, екінші адамға 38 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған айыпталушылар үш жыл алты айдан бес жыл алты айға дейін бас бостандығын шектеу жазасын алды, бірақ олардың мүлкі тәркіленбеді.
Ділманов 2022 жылы сәуірде ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры қызметінен босатылған еді. Ол 1998 жылдан бері ҰҚК шекара қызметіне жұмыс істеп, 2015 жылы маусымда шекара қызметіне директор болып тағайындалған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде контрабанда мен жемқорлық мәселесіне назар аударып, оны жоюды тапсырды. Осыдан соң елде Қытаймен шекарадағы кедендерге қатысты тексеріс басталған.
Қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде жүк көліктері жиі кедергіге тап болып, апталап кезекте тұрып қалады. Саудагерлер де кеденнен өту қиын екенін жиі айтатын.
Ресми Астана қазақ-қытай шекарасында жемқорлықтың салдарынан кеден алымдарынан ондаған миллиард доллар бюджетке түспей қалған деп күдіктенеді.